ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУЫНА ШОЛУ
Инвестициялық портфельге шолу
ҚМГ-нің 2022-2031 жылдарға арналған даму стратегиясына сай компанияның инвестициялық портфелі ҚМГ үшін дәстүрлі бағыттармен (геологиялық барлау, мұнай тасымалдау мен өңдеу) қоса жаңа бағыттардағы (мұнайгаз химиясы және тұрақты даму саласындағы жобалар) бірқатар жобадан тұрады. Сонымен қатар баламалы энергетикадағы жаңа жобаларды бағалау және ҚМГ-нің операциялық активтеріндегі көміртегі ізін азайту бағытында жұмыс жүріп жатыр. Әр жобаны қаржыландыру көзі жеке-жеке анықталады. Жобаларды қаржыландыру барынша жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады. Тек жаңа нақты жобаларға ғана қарыз тарту көзделген. Бұдан басқа инвестициялық және қаржылық тәртіпті күшейту үшін компанияға ең аз мөлшердегі регресс әсерімен нақты жобалар деңгейінде ғана қарыз тартылады.
2022 жылдағы инвестициялық портфельдің жалпы құны 47 030 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде ҚМГ үлесіне тиесілі сома – 16 713 млрд теңге.
Қызмет бағыты | Инвестициялық портфельдің жалпы құны, млрд теңге | ҚМГ үлесіне инвестициялық портфельдің құны, млрд теңге |
---|---|---|
Геологиялық барлау және мұнай-газ өндіру | 39 809 | 12 058 |
Инфрақұрылым жобалары | 371 | 371 |
Мұнай тасымалдау | 410 | 149 |
Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерінің маркетинг | 208 | 123 |
Мұнай-химия | 6096 | 3 926 |
Басқалары | 137 | 86 |
Барлығы | 47 030 | 16 713 |
Геологиялық барлау және мұнай-газ өндіру
2022 жылы Қазақстан Республикасындағы мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын жақсарту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі шетел инвесторларының және ҚМГ-нің қатысуымен қосымша ынталандыруды талап ететін күрделі жобаларға (құрлықтағы жаңа күрделі жобалар, теңіз жобалары мен газ жобалары) бірқатар реттеушілік және фискалдық преференциялар ұсынатын жақсартылған модельдік келісімшарт (ЖМК) тетігін әзірледі. 2022 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексі мен Салық кодексіне тиісті түзетулер енгізілген заң пакетіне қол қойды. Бұл түзетулердің ҚМГ-нің бірқатар жобаларына қатысы бар және Каспий теңізі қайраңында да, құрлықтағы бірқатар күрделі газ жобалары бойынша да жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді
2022 жылғы желтоқсан айының басында Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Жеңіс учаскесінде тереңдігі 3 300 м ұңғыманы бұрғылау жұмыстары басталды. Іздеу ұңғымасын бұрғылау 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
2023 жылдың басында «Қаламқастеңіз, Хазар, Әуезов» учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшартына қол қойылды. Осы кен орнындағы шикізат қорының мөлшері расталды. Келесі қадам – «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ серіктеспен бірлесіп жайластыру тұжырымдамасын таңдау.
Сондай-ақ ҚМГ құрлықта барлау жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. 2022 жылы Торғай Палеозой учаскесінде барлау ұңғымасын бұрғылауға дайындық шаралары өтті. 2023 жылы осы учаскелерде тереңдігі 5,5 мың метр болатын ұңғымаларды бұрғылау жоспарлануда.
2022 жылғы желтоқсанда Атырау облысындағы Тайсойған-1 және Тайсойған-2 учаскелерінде барлау мен өндіруге келісімшарттар жасалды. Аталған учаскелерде 2019 жылы 328 млн тоннадан астам геологиялық қор үлестіруге мүмкіндік берген, Қазақстандағы бірегей 3D сейсмикалық барлау жүргізілді.
2022 жылы бес учаске (Мұғалжар, Березовский, Жарқын, Болашақ және Солтүстік Өзен) бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеу (ЖГЗ) лицензиялары алынды. Негізгі шөгінді алаптарды модельдеу бойынша жүргізілген талдамалық жұмыс аясында қосымша зерттеуді талап ететін болашағы зор бес учаске айқындалды. Осылайша, 2023 жылы жер қойнауын геологиялық зерттеу бағдарламасы шеңберінде «жедел» сейсмикалық барлау жүргізу жоспарлануда.
Құрлықта жұмыс істеп тұрған кен орындарын қосымша барлау есебінен қорды ұлғайту бағытында жұмыс жалғасуда. Атап айтқанда, 2022 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-ға қарасты С.Нұржанов, Солтүстік Уаз және Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орындарында барлау аяқталғаннан кейін олар өндіру кезеңіне ауыстырылды. Қарасор-Батыс кен орнында да жұмыстар жалғасуда, 2023 жылы өндіру кезеңіне ауыстыру көзделген. «Шығыс Өріктау» және «Рожковское кен орнын дамыту» жобалары бойынша тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану бағытында жұмыстар жалғасуда, онда 2023-2024 жылдары мұнай өндіру басталады деп жоспарланып отыр.
Мұнай тасымалдау
2021 жылы жылына 6 млн тоннаға дейін кері режимде мұнай тасымалдауға мүмкіндік беретін «Кеңқияқ – Атырау» мұнай құбыры реверсінің бірінші кезеңі» жобасы аяқталды. 2022 жылы кері бағытта 4,3 млн тонна мұнай тасымалданды.
Каспий құбыр желісі концорциумының өнімді өткізу қабілетін жылына 83 млн тоннаға дейін арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның ішінде Қазақстанның аумағы арқылы өткізу қабілеті 72,5 млн тоннаға жетпек. Ақтау портынан Каспий теңізі арқылы өтетін балама бағыт бойынша экспорттық мүмкіндікті арттыру мәселесі қосымша пысықталып жатыр.
Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерінің маркетингі
ҚМГ-нің алдағы жылдарға арналған басты міндеттерінің бірі – тұтынудың болжамды өсуі салдарынан туындаған Қазақстанның ішкі нарығын отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесін шешу болып отыр.
Қазақстан Республикасының солтүстік және шығыс өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) сұйытылған мұнай газын тазарту және қысқы дизель отынын өндіру бағытындағы жобалар іске асырылып жатыр. Қондырғыларды іске қосу тиісінше 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қазіргі таңда отандық МӨЗ – «ПҚОП» ЖШС мен «CASPI BITUM» БК» ЖШС қуаттарын күшейту мәселелері қаралуда. 2023 жылы алдын ала техникалық-экономикалық негіздеменің қорытындысын алу жоспарда бар. Осы құжаттың негізінде одан арғы шешімдер қабылданады.
Қазақстан-Румыния инвестициялық қоры аясында KMG International N. V. 2021 жылы Румынияда мұнай өнімдерін сатудың бөлшек сауда желісін кеңейтудің бірінші кезеңін іске асыру аяқтады. Бастама негізінде 25 жанармай құю станциясын салынды. 2023 жылы тағы 44 жанармай құю станциясын кезең-кезеңімен салу арқылы Румынияда жанармай құю станцияларының бөлшек сауда желісін кеңейту жоспарланған
Мұнай химиясы
2022 жылы ҚМГ Атырау қаласындағы мұнай-газ-химия кешенінің бірінші кезеңін аяқтау, стратегиялық серіктестерімен бірге мұнай-газхимия жобаларын қаржыландыру мәселелерін шешу бағытында белсенді жұмыстар жүргізді.
2022 жылғы 8 қарашада жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға қауқарлы Kazakhstan Petrochemical Industries Inc (KPI) біріккен газ-химия кешені іске қосылды. 2022 жылғы 7 қарашада Полипропилен өндіру зауытына және «Полиэтилен» жобасына «СИБУР» ЖАҚ қатысуын қарастыратын «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «СИБУР» ЖАҚ арасындағы негізгі құжатқа қол қойылды. 2022 жылы 32,3 мың тонна полипропилен өндірілді. Қазіргі таңда «KPI Inc.» компаниясы «CNCEC» мердігерімен және «Lummus Technology LLC» лицензиарымен бірлесіп, жобалық көрсеткіштерге қол жеткізуді растау үшін барлық Кешеннің технологиялық процесін тұрақты технологиялық режимге шығару, технологиялық қондырғылар жұмысындағы «олқы тұстарды» анықтау, кейіннен кепілдікті пайдалану сынақтарын жүргізе отырып, технологиялық жабдықтарды/ блоктарды кешенді сынақтан өткізу бойынша іс-шаралар жүргізуде. Қазақстан Республикасында Теңіз кен орнының шикізатынан қосылған құны жоғары, экспортқа бағдарланған өнімдерді шығара отырып, мұнай-химия кластерін құру көзделген. 2023 жылдың 2-тоқсанында кәсіпорынды пайдалануға беру актісіне қол қойылады
Сондай-ақ ҚМГ жылына 1 250 мың тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысының жобасын іске асыруда. Бүгінгі таңда жобаның ТЭН әзірленді. Полиэтилен өндіру және мұнай-химия өнімдерін өткізу жөніндегі жобаны іске асыру үшін «СИБУР Холдинг» ЖАҚ стратегиялық әріптес ретінде тартылды. Сонымен қатар полиэтилен өндірісі үшін инфрақұрылым жобалары пысықталуда. Газ бөлу кешенін салу жобасының ТЭН және ЖСҚ және Этан құбырын салу жобасы бойынша арнайы техникалық шарттар әзірленді. Полиэтилен өндірісі жобасының және ілеспе инфрақұрылымдық жобалардың аяқталу мерзімі 2028 жылға жоспарланған.
Сумен қамту және қоршаған ортаны жақсарту мәселелерін шешуге бағытталған жобалар
ҚМГ ұлттық компания ретінде мынадай бағыттағы жобаларды іске асырады:
- «Астрахань-Маңғыстау су құбырын реконструкциялау» және «Кендерлі кентінде қуаты тәулігіне 50 000 м3 теңіз суын тұщыландыратын зауыт салу» сияқты жобаларын жүзеге асыру арқылы өңірлердегі ауызсу тапшылығы мәселесін шешу көзделген.
- «Астрахань-Маңғыстау су құбырын реконструкциялау» жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды; екінші деңгейлі банкпен жобаны қаржыландыруға шарт жасалды. Қазақстан Республикасының Атырау мен Маңғыстау облыстарының өнеркәсіптік тұтынушылар мен тұрғындары үшін үлкен әлеуметтік маңызы бар жобаны 2024 жылы аяқтау жоспарланған.
- «Кендерлі кентінде қуаты тәулігіне 50 000 м3 теңіз суын тұщыландыратын зауыт салу» жобасы бойынша ТЭН-ге түзету енгізілді (РМС консультанттың ұсынысы бойынша). Қазір қорытынды шығарылып, EPC мердігерді таңдау бойынша әлеуетті мердігерлердің тізімін қалыптастыру жұмыстары аяқталуда. Жобаны 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.