Корпоративтік басқару жүйесін дамыту
Даму стратегиясын қалыптастыратын және іске асыратын, оның ішінде өндірістік процестерді басқарудың дивизиондық құрылымы арқылы ЕТҰ-ның операциялық қызметіне тарту арқылы корпоративтік орталық бола отырып, Компания корпоративтік басқару саласындағы үздік практикаларға сай болуға ұмтылады және корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарына жауап беру мен ашықтық — бұл болашақ инвесторлардың, контрагенттердің және өзге де стейкхолдерлердің сенімін нығайтуға, компания ресурстарын тиімсіз пайдалану тәуекелдерін төмендетуге, құнының өсуіне және әл-ауқатының ұлғаюына ықпал ететін инвестициялық тартымдылық пен қызметтің экономикалық тиімділігін арттырудың аса маңызды факторлары екенін түсінеді.
Компанияның Директорлар кеңесі ҚМГ-дегі корпоративтік басқару тәжірибесінің тиімділігін бақылайды, ал корпоративтік хатшы оны үздіксіз жетілдіруді ұйымдастырады.
ҚМГ-нің корпоративтік басқару тәжірибесін қалыптастыру мен жақсарту басты құжат – «СамұрықҚазына» АҚ Басқармасының 2015 жылғы 27 мамырдағы шешімімен бекітілген ҚМГ корпоративтік басқару кодексіне (бұдан әрі – Корпоративтік басқару кодексі, Кодекс) негізделеді. Кодекс Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстанда және әлемде дамып келе жатқан корпоративтік басқару тәжірибесін, «СамұрықҚазына» АҚ трансформациялау бағдарламасын ескере отырып, «Самұрық-Қазына» АҚ-тың ішкі құжаттарына сәйкес әзірленді.
Кодекс компаниядағы корпоративтік басқару жүйесі негізделетін қағидаттарды бекітеді, бұл «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының корпоративтік басқару қағидаттарымен бірдей. Директорлар кеңесі мен Аудит жөніндегі комитет Кодекстің ережелерін ҚМГ-ге енгізуді бақылауды жүзеге асырады.
Корпоративтік хатшы жыл сайын компанияның comply or explain («ұстан немесе түсіндіре») тәсілін қолдана отырып, оның қағидаттары мен ережелерінің сақтауын талдайды. Қазіргі уақытта Кодекс талаптарының басым бөлігі сақталған. Оның жекелеген ережелерін ішінара ұстанбау жағдайлары себептерімен бірге Кодексті ұстану туралы есепте көрсетілген. ҚМГнің 2022 жылы Кодекстің қағидаттары мен ережелерін ұстану туралы есебімен жылдық Есепке берілген қосымшада танысуға болады.
Бірнеше жыл бойы ҚМГ Корпоративтік хатшысының қызметіне сәйкес корпоративтік басқару тәжірибесін жетілдіру бойынша ҚМГ қызметін дәйекті және жүйелі негізде ұйымдастырып келеді. Корпоративтік басқару саласын жақсарту мақсаттарын белгілеу мен процесті қадағалау үшін компания 2016 жылдан бастап дауыс беретін акцияларының 50%-дан астамы тікелей немесе жанама түрде «Самұрық – Қазына» АҚ-қа тиесілі заңды тұлғаларда корпоративтік басқаруды диагностикалау әдістемесін (бұдан әрі - Әдістеме) пайдаланады.
Әдістеме тәуелсіз тараптың компанияны корпоративтік басқару бойынша сараптамасының (аудитінің) нәтижелері бойынша рейтинг беруді көздейді. Мұндай сараптама тұрақты негізде жүзеге асырылады.
Сараптама нәтижелері бойынша әдістеме негізінде ҚМГ Корпоративтік хатшысының қызметі корпоративтік басқаруды жетілдіру бойынша жоспар жасайды, оны орындау нәтижелері тұрақты негізде Директорлар кеңесінің және Компанияның Директорлар кеңесінің Аудит жөніндегі комитетінің назарына жеткізіледі.
2021 жылы тәуелсіз консультант PricewaterhouseCoopers компаниясы жүргізген корпоративтік басқарудың кезекті тәуелсіз сараптамасының нәтижелері бойынша Әдістеме негізінде ҚМГ-ге «ВВВ» деңгейінде корпоративтік басқару рейтингі берілді, бұл компания қол жеткізген прогресті көрсетті (2018 жылы жүргізілген алдыңғы сараптаманың нәтижелері бойынша компанияға «ВВ» рейтингі берілген) және Компанияның корпоративтік басқару жүйесінің барлық маңызды аспектілерде белгіленген критерийлердің көпшілігіне жауап беретінін және бұл ретте компанияда жүйенің тиімді жұмыс істейтінін растады.
Компания 2021 жылы корпоративтік басқару бойынша жүргізілген тәуелсіз сараптаманың нәтижелері бойынша берілген ұсыныстар мен кеңесті есепке ала отырып, оларды корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі жоспарға енгізді және 2022 жылы ҚМГ корпоративтік басқару жүйесін: ашықтық; акционерлердің құқықтары; тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау аудит; Директорлар кеңесі мен атқарушы орган қызметінің тиімділігі; тұрақты даму және т.б. салалар бойынша одан әрі жетілдіруге бағытталған іс-шараларды жоспарлы іске асыруға арнады. Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, ҚМГ корпоративтік хатшысы корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі жоспардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізеді және осы жоспардың орындалуы туралы есептерді, Аудит жөніндегі комитет пен Директорлар кеңесі қарап, ҚМГ менеджментіне кері байланыс беріп отыратын болады.
Корпоративтік басқаруды жетілдіру мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ және ҚМГ-нің 2031 жылға дейінгі даму стратегияларында «Корпоративтік басқару рейтингі» ПӘК бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша негізгі кезеңдер айқындалды. Бұл ҚМГ-нің негізгі акционері, Директорлар кеңесі, Компанияның аудит және менеджмент жөніндегі комитеті тарапынан корпоративтік басқаруға жоғары көңіл бөлінгенін айғақтайды.