БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ ҮНДЕУІ

Дәурен Қарабаев

2022 жылдың нәтижелері ҚМГ-нің қазіргі берік позицияларын және болашақта елдің мұнай-газ көшбасшысы ретіндегі елеулі перспективасын көрсетеді. Бұл ретте есепті жылдың жетістіктері компанияның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз еткен алдыңғы жылдардың жүйелі жұмысының жалғасы іспетті. Компания тұрақтылықты қамтамасыз етіп және өзінің артықшылықтарын дамыта отырып, дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі және өз қызметінің көкжиегін кеңейтіп барлық мүдделі тараптар үшін құндылықтар қалыптастыруды жалғастырады

ҚҰРМЕТТІ АКЦИОНЕРЛЕР, ИНВЕСТОРЛАР, ӘРІПТЕСТЕР МЕН СЕРІКТЕСТЕР!

Қаржы нарығының құбылмалығына, инфляцияның өсу қарқынына, елдердің орталық банктердің базалық мөлшерлемелерді көтеруіне, сондай-ақ әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, Компания есепті 2022 жылы елеулі нәтижелерге қол жеткізді.

Бұл өндірістік және қаржы көрсеткіштеріне де, стратегиялық міндеттерді іске асырудағы нәтижелерге де, ҚМГ- нің тұрақты дамуын қамтамасыз етуіне де қатысты. Бұл ретте компания жан-жақты әсер еткен көптеген факторларға бейімделе отырып, жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Мұнайдың әлемдік бағасының өсуі және өндірістік нәтижелердің оң динамикасы 2022 жылдың қорытындысы бойынша компанияның барлық қаржы көрсеткіштерінің өсуіне ықпал етті. Компанияның түсімі доллармен 24,3%-ға өсіп, 18,8 млрд АҚШ долларына жетті. EBITDA көрсеткіші бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялар пайдасындағы 1,0 млрд АҚШ доллары үлесін қоса алғанда 16,4%-ға артып, 5,5 млрд АҚШ долларын құрады. «ҚМГ Қашаған Б. В.» үлесін сатып алуды есептемегенде бос ақша ағымы 2,4 млрд АҚШ долларына жетті. Осы жерде 2022 жылдың маусымында 2021 жыл қорытындысы бойынша акционерлерге рекордтық көлемде 200 млрд теңге дивиденд төленгенін айта кету керек.

Компанияның дамуындағы маңызды стратегиялық қадам KASE және AIX жергілікті қор биржаларында IPO-ға шығу болды. Нарыққа шығу көлемі қазақстандық қор нарығы үшін рекордтық 154 млрд теңгені немесе ҚМГ акцияларының 3% құрады. Бұл ретте орналастыру көлеміндегі жеке инвесторлардың үлесі 52%-ға жетті. Бір акцияның ұсыныс бағасы 8 406 теңге болды, яғни ҚМГ-ні капиталдандыру 11 млрд АҚШ доллары шамасында болды. 2023 жылғы сәуірде ҚМГ акциясының құны 10 мың теңгеден асып, ұсыныс сәтінен 20%-дан астам өсім көрсетті.

2022 жылдың қыркүйегінде ұлттық компания «СамұрықҚазына» АҚ-тан «ҚМГ Қашаған Б.В.» компаниясындағы акциялардың 50%-ын 3,8 млрд АҚШ долларына сатып алу нәтижесінде «Қашаған» ірі жобасындағы өз үлесін 8,44%-дан 16,88%-ға дейін ұлғайтты. Бұл ҚМГ-нің соңғы жылдардағы ең ірі мәмілесі болды. Осы мәміленің бастапқы тарихына оралатын болсақ, 2015 жылдың қазан айында ҚМГ еурооблигациялар бойынша ковенанттардың бұзылуына жол бермеу мақсатында «ҚМГ Қашаған Б.В.» компаниясындағы 50% үлесті «СамұрықҚазына» АҚ пайдасына кейін кері сатып алудың опционды құқығын сақтай отырып, сатқан еді. 2017 жылы Амстердам соты «Самұрық-Қазына» АҚ тиесілі Қашаған акцияларына шектеу енгізіп, оны сатуға тыйым салды. 2022 жылғы маусымда «Самұрық-Қазына» қоры мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде Амстердам соты аталған шектеулердің күшін жойды. Бұл шешім ҚМГ-ға Қашағандағы үлесті кері сатып алуға мүмкіндік берді. Мәміле ҚМГ- нің еурооблигацияларындағы бірқатар ауыртпалық келісімдерді алып тастау, жалпы қарызды қысқарту және оның мерзімдерін ұзарту, компанияның кредиттік рейтингтерін жақсарту бағыттарында бұған дейін жүргізіліп келген жұмыстардың арқасында мүмкін болды.

Мәмілені қаржыландыру жұмыстары облигациялар шығару және төлемдерді бөліп төлеудің өзара тиімді талаптарының арқасында жүзеге асты. Бұл мәмілені инвестициялық қоғамдастық және барлық рейтинг агенттіктері бірден жақсы қабылдады, осының нәтижесінде Standard&Poor’s агенттігі мәмілені аяқтау қорытындысы бойынша компанияның рейтингін «ВВ+» деңгейіне көтерді.

Дәурен Қарабаев,
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары