Трансформация және цифрландыру
2022 жылы ҚМГ корпоративтік орталығында цифрландыруды ілгерілету бағытындағы жұмысты күшейту үшін құрылымдық өзгерістер жүргізілді. Ақпараттық технологиялар, трансформация және цифрландыру екі департаменттің негізінде Цифрлық даму департаменті ашылды.
Есепті кезеңде Компания қызметінің негізгі бағыттары бойынша цифрлық бастамаларды іске асыруда белгілі бір прогреске қол жеткізілді. Атап айтқанда, мұнай өндіруді цифрландырудағы негізгі жоба – «ABAI ақпараттық жүйесін әзірлеу» аясында нақты өндірістік проблемаларды шешетін екі жаңа модуль пайдалануға берілді. Мәселен, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-де енгізілген «Қабат флюидтері» модулі мұнай қорын сапалы есептеп, кен орындарын игеруді жобалау үшін мұнай қабаттарындағы флюидтердің қасиеттерін сараптау, зерттеу және негіздеу жұмыстарын автоматтандырады.
ҚМГ корпоративтік орталығында «Экономика» модулі іске қосылды. Оның көмегімен мұнай өндіруші компаниялар активтерінің жиынтық құнын немесе жұмыс істеп тұрған кен орындары бөлінісіндегі құнын бағалауға, түрлі сценарийлерді ескере отырып, операциялық қызметті болжауға болады
Бұған дейін ABAI АЖ-нің «ABAI дерекқоры», «Бейнелеу орталығы», «Технологиялық режим», «Кедергілерді мониторингтеу», «Тереңдегі сорғы жабдықтарын іріктеу» деп аталатын бес пилоттық модулі енгізіліп, олар жоғары тиімділік көрсетті. Мәселен, «Қазгермұнай» БК» ЖШС-де іске қосылған «Техрежим» модулінің көмегімен ұңғымалардың жұмыс көрсеткіштерін талдау жүзеге асырылады және олардың әлеуеттері есептеледі. Бұл жоспарлы өндірісті ұңғымалар мен қабаттар арасында ай сайын тиімді бөлуге және кен орындарын игерудің неғұрлым ұтымды режимін таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұрын аталған операцияларға мамандар бес күн жұмсаса, модульдің арқасында бұл уақыт 6 сағатқа дейін қысқарды. Деректердің дұрыстығы 85%-дан 95%-ға дейін өсті.
Қазіргі таңда барлығы 7 жүйелік модуль жұмыс істейді. 2024 жылдың соңына дейін барлау, бұрғылау, кен орындарын пайдалану, экономикалық әсерді бағалау және т.б. процестерді жақсартатын тағы 10 модульді енгізу көзделген.
2022 жылы МӨЗ-дерде Компьютерлік тренажер кешендерін (КҚК) енгізу арқылы оқытудың автоматтандырылған жүйесін дамыту жалғасты. Тренажерлар авариялық және штаттық жағдайларда кәсіпорындардың технологиялық қондырғыларының жұмысына имитация жасайды. Осының арқасында операторлар адам факторына байланысты ақауларды жою әрекеттерін және өндірісті виртуалды режимде басқаруды пысықтай алады.
Есепті кезеңде ПМХЗ-да тренажерлар ЛК-6У кешенінің ЭЛОУ-АТ, нафтаны гидротазарту, каталитикалық риформинг және МФУ қондырғыларында енгізілді. Кейіннен жоба мұнайды вакуумда айдау, мұнайгазды вакуумда гидротазарту, каталитикалық крекинг, КТ-1 кешенінің абсорбация және газ фракциялау қондырғыларына таралады.
Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) 2023 жылы ЭЛОУ-АТ-2 және ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғыларында КҚК енгізу аяқталуы тиіс. Бензин мен дизель отынын гидротазарту қондырғылары бойынша тренажерлерді қолдану мүмкіндігі нақтылануда.
Жалпы, компьютерлік тренажерларлы АМӨЗ-дің 13 технологиялық қондырғысында, ПМХЗ-нің тоғыз қондырғысында және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» (ПҚОП) зауытының бір қондырғысында орнату жоспарлануда.
2022 жылы ҚМГ жобаларын басқару жүйесін (PMS) енгізу бағытында бизнес тиімділігі тұрғысынан аса маңызды жоба операциялық қызметке ауыстырылып, цифрлық трансформация шеңберінде аяқталды. Бизнес процестің иесі болып компанияның Стратегия және инвестициялар портфелін басқару департаментінің құрамында жобалық басқаруды енгізу бойынша жаңадан құрылған сектор анықталды.
Бұл жүйенің негізгі айырмашылығы – әр жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асыруға (бағалау – таңдау – анықтау-іске асыру-пайдалану) бағытталған. Аталған кезеңдердің әрқайсысында кешенді техникалық-экономикалық бағалау жүргізіледі. Оның оң нәтижесі болмаса, жобаның келесі кезеңге өтуі мүмкін емес. Бүгінгі таңда компанияның барлық күрделі жобалары кезеңдік процеске сай іске асырылуда.
PMS жобаны басқару органдарын және олардың өзара байланысын анықтайды. Аталған органдар шешімдерінің түрлерін жіктейді. Жобаларға қатысушылардың құрылымы, негізгі рөлдері мен функциялары, жобалық құжаттардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар, сондай-ақ жобалық басқару құралдарын қолдану жөніндегі нұсқаулықтар тіркелген. Жобалау топтарына мамандарды іздеу, іріктеу және тарту принциптерін сипаттайтын әдістеме әзірленді. Осы әдістеме бойынша ҚМГ-да «Тазалық», Жаңаөзен қаласындағы жаңа ГӨЗ, «Торғай Палеозой», «Өріктау», «Кендерлідегі су тұщыту зауыты» және тағы да басқа жобаларда жобалау топтар жасақталды.
PMS жобасы аясында жобаларды басқарудың ақпараттық жүйесі (ЖБАЖ) әзірленді. Ол басқарушылық жобалық шешімдерді бақылау және уақтылы қабылдау үшін жобалар бойынша өзекті ақпаратты (шығындар, мерзімдер, мәртебе және т.б.) алуды қамтамасыз етеді.
Компанияда жобалық басқаруды дамыту кезінде жобалық қызметке тартылған қызметкерлердің құзыреттері мен дағдыларын арттыруға көп көңіл бөлінеді. 2020 жылдан бастап жобаларды басқару бойынша орталықтандырылған оқыту енгізілді. Оған барлығы 2 мыңнан астам ҚМГ және ЕТҰ қызметкерлері, оның ішінде 70 басшы тартылды. 30-дан астам қызметкер халықаралық жобалық менеджмент қауымдастығының (International Project Management Association, IPMA) және жобалық менеджмент институтының (Project Management Institute, PMI) стандарттары бойынша сертификат алды.
Операциялық қызмет шеңберінде ҚМГ мен еншілес ұйымдарда жобалау қызметін дамыту, жұмыскерлерді әдіснамалық қамтамасыз ету, оқыту және жоба басшыларының пулын қалыптастыру, жобалау персоналын дамыту мен ынталандыру, сондай-ақ жобаларды басқару жүйесінің басқа да пәндік салалары бойынша жұмыстар жалғасады.
ҚМГ-нің қайтадан құрылған Цифрлық даму департаментінің басым бағыттарына компанияның кейінгі цифрлық дамуына негіз болатын АТ және деректерді басқару архитектурасын әзірлеу немесе жандандыру, өндіріс, тасымалдау мен өңдеу бағыттарында озық салалық шешімдерді іздеу жатады.