Сервистік жобалар
ҚМГ өндірістің ағымдағы деңгейін қолдау, жаңа жобаларды дамыту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы сервистік бағыттарды үйлестіреді, сондай-ақ қызметін жүзеге асыратын өңірлерде әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудағы өзінің жетекші рөлін ескереді. Мұнай сервисі әлеуметтік сезімтал бағыт екенін атап өткен жөн. Мұнай сервистік қызметтің жекелеген бағыттары тиімсіз, сондықтан олар ағымдағы өндірістік қажеттілікке қарамастан қызметкерлер санын сақтай отырып және ұжымдық шарт шеңберіндегі барлық міндеттемелерді: төлемдер, медициналық сақтандыру және біліктілікті арттыру шығындарын орындай отырып, қосымша шығындарға ұшырайды.
Сервистік инфрақұрылым
ҚМГ сервистік қызметін 10 негізгі компания қамтамасыз етеді.
Сервистік қызметтің бағыттары:
- мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау және игеру
- ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу;
- жүк және жолаушыларды тасымалдау, кен орындарда көліктік-технологиялық қызмет көрсету;
- электр қондырғылары мен катодтық қорғаныс құралдарына техникалық қызмет көрсету, жөндеу, баптау және сынау, электр жабдықтарын іске қосу-жөндеу жұмыстары және ағымдағы жөндеу;
- жерүсті және теңіз бұрғылау қондырғыларын пайдалану, мұнай және газ өндіруді жобалау, бұрғылау қызметтері
- өлшеу құралдарына, автоматика және телемеханика жүйелеріне техникалық қызмет көрсету, мұнай кәсіпшіліктерінде телекоммуникация, радиобайланыс, кабельдік, спутниктік теледидар қызметтерін ұсыну; өлшеу құралдарын тексеру және жөндеу; күзет сигнализациясына техникалық қызмет көрсету;
- көліктің GPS мониторингі бойынша қызмет көрсету;
- мұнай тасымалдау үшін болат және шыны-пластикалық құбыр салу, газ құбырларын салу және мұнай және айдау ұңғымаларын жайластыру;
- мұнай құбырларын, су ағызғысы мен автожолдарды қайта реконструкциялау;
- ауыз су өндіру және тасымалдау, теңіз суын тасымалдауды қамтамасыз ету
- тамақтандыру ұйымдастыру, әлеуметтік объектілерге қызметтерін көрсету және басқалар.
Өндірістің ағымдағы деңгейін қолдау мақсатында ҚМГ тиімді өндірістік процесті қамтамасыз ету, қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту, негізгі құралдарды жаңарту бойынша іс-шараларды жыл сайын өткізеді.
Даму жобалары
«Сәтті» өздігінен көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысы (ӨҚБҚ) - әлемдік стандарттарға сәйкес тұтастай Қазақстанда салынған алғашқы бұрғылау қондырғысы. Бұған дейін 2019 жылғы 25 қаңтарда ҚМГ мен SOCAR компаниялар арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ операторы BP компаниясы болып табылатын Каспий теңізінің Әзербайжан секторындағы Абшерон құрылымында бұрғылау жөніндегі ӨҚБҚ-ны бірлесіп пайдалануды көздейтін бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды. ӨКБҚ модификациясы оның жүк көтергіштігін 453 тоннадан 680 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
2021 жылдың 15 тамызынан 2022 жылдың 5 маусымына дейін ӨҚБҚ BP компаниясының SWAP құрылымында үш ұңғыманы (N-1, 01-ден тыс, QBDS-01) сәтті бұрғылады. 2022 жылдың 6 маусымында ӨҚБҚ CDC компаниясының айлағына орнатылып, ішінара консервациялау режиміне ауыстырылды (hot stack).
Жобаны іске асыру ҚМГ бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді, теңіз бұрғылау көшбасшыларының қатарына кіруге жол ашады және әлемдік критерийлерге сәйкес өндірістік персоналдың кәсіби дайындық деңгейін арттырады.
Алдағы уақытта ҚМГ 2022 жылы және одан кейінгі жылдарға арналған мұнай-сервистік бағытты қолдау және дамыту үшін мұнай өндіруді ұлғайтуға ықпал ететін мұнай-сервистік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында мынадай стратегиялық бастамаларды белгіледі:
- мұнай сервистік қызметтердің тиімді мақсатты портфелін қалыптастыру;
- мұнай-сервис компанияларын шығынсыз деңгейіне шығару.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін әртүрлі іс-шараларды жүргізу, соның ішінде бизнес-процестерді автоматтандыру, бөлек есепке алуды енгізу, персонал құзыреттілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі бастамалар, өндірістік қатынастардың тиімді жүйесін құру, өндірістік процестердің тиімділігін арттыру, API Q1 және Q2 сертификаттау қажет.
Өндірістік қатынастарды (Industrial relations — IR) дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау аясында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында барлық мұнай сервистік ЕТҰ-да 2022 жылдың басынан бері IR топтары/ бөлімдері ашылды және тиісінше өз компаниялары мен мердігерлік ұйымдарында өндірістік қатынастарды дамытуға жауапты қызметкерлер тағайындалды. Өндірістік қатынастарды дамытудың мақсаты – қолайсыз әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға және жұмыс орнындағы зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне нөлдік төзімділікпен қолайлы еңбек жағдайларын жасау, ішкі коммуникацияларды және мердігер ұйымдармен тиімді өзара іс-қимылды дамыту. Жыл бойы бекітілген кестелерге сәйкес мердігерлік ұйымдарда жұмыс орындарына, тұру және тамақтану орындарына аудит жүргізілді, IR-скринингтер жасалды. Сәйкессіздіктерді жою бойынша іс-шаралар жоспарлары жасақталды және орындалды. Жыл бойы IR мамандары бірінші басшылармен бірлесіп мердігер ұйымдардың қызметкерлерімен әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру және мердігер ұйымдардың қызметкерлерінің наразылық көңіл күйін төмендету мақсатында олардың мәселелерін шешу үшін кездесті.
Американдық мұнай институтының сапа менеджменті жүйесінің API Specification Q2 талаптарына сәйкес мұнай сервисі активтерін сертификаттау мұнай сервисі активтері қызметтерінің сапасын API мұнай-газ саласындағы халықаралық стандарттардың озық және танылған практикасына сәйкестік деңгейіне дейін арттыру мақсатында басталды. SPEC Q2 API стандартының талаптарын енгізу және бейімдеу бойынша жұмыс жүргізілді және сертификаттауға өтінім берілді.
Сертификаттауға дайындалып жатқан мұнай сервистік еншілес мекемелер:
- «Oil Services Company» ЖШС.
- «Oil Construction Company» ЖШС.
- «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС.
- «ӨзенМұнайСервис» ЖШС.
Іске асыру мерзімі:
- 2022–2026 жылдар.
Жаңа жобалар
«Өзенмұнайгаз» АҚ-тың автономды электр генерациялау станциясын (АЭГС) салу
Жоба электр энергиясын сатып алу шығынын азайту, мұнай өндірудің өзіндік құнын төмендету, тасымалдау кезінде электр энергиясының шығынын азайту мақсатында және Маңғыстау облысының энергия жүйесінде авариялық ажыратулар мен қуаттың жетіспеушілігі себебінен мұнай өндіру жоспарлы көлемнен төмен болғандықтан басталды. «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС, «МӨЭК» АҚ энергетикалық жүйелерінің тозуы 70%-дан асады, олар 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, өңірде генерациялайтын қуаттардың тұрақты тапшылығы байқалады. «Өзенмұнайгаз» АҚ-та энергиямен жабдықтаудың резерв көздері жоқ. Осы факторлардың жиынтығы электр энергиясының авариялық ажыратылуына және мұнай кәсіпшіліктерінің жаппай тоқтап қалуына әкеледі, мұнай кәсіпшілігі объектілерінің технологиялық жұмыс режимі бұзылады және мұнай тапшылығы жүйелі түрде қалыптасады. Жобаның мақсаты – «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай өндіру объектілерін үздіксіз және тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету, электр энергиясының құнын төмендету есебінен мұнай өндірудің өзіндік құнын төмендету және жаңа ҚазГӨЗ-ді электрмен жабдықтау бойынша синергияны қамтамасыз ету.
Іске асыру кезеңі:
- 2021–2022 жылдар — ТЭН әзірлеу;
- 2023–2023 жылдар — ЖСҚ әзірлеу;
- 2023–2025 жылдар — АЭГС құрылысы.
Теңіз суын тұщыту зауытын салу (ТСТЗ)
Теңіз суын тұщыландыру зауытын салу жобасы жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына және Маңғыстау облысын 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сәйкес іске асырылуда. Жобаның мақсаты – Жаңаөзен қаласының халқы мен кәсіпорындарын ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ «Астрахан-Маңғыстау» магистралды су құбырына технологиялық жүктемені азайту. Зауыттың жоспарланған жобалық қуаты – тәулігіне 50 мың м3. ТСТЗ құрылысы Қазақстанның батыс өңірлерін сумен қамтамасыз ету жөніндегі жалпы жобаның ажырамас бөлігі. Оны іске асыру туралы шешім 2025 жылға қарай су тапшылығын жабу үшін магистралды су құбырын реконструкциялау және кеңейту тұжырымдамасы қарастырылғаннан кейін қабылданды.
Халық санының болжамды өсуіне және қолданылатын нормативтерге сай 2030 жылы Жаңаөзен қаласы халқының су тұтыну нормасы тәулігіне шамамен 49,8 мың м3 құрайтын болады.
Іске асыру кезеңі:
- 2021–2022 жылдар — ТЭН әзірлеу;
- 2023–2023 жылдар — ЖСҚ әзірлеу;
- 2023–2024 жылдар — ТСТЗ құрылысы.