БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҮНДЕУІ
ҚҰРМЕТТІ АКЦИОНЕРЛЕР, ИНВЕСТОРЛАР МЕН СЕРІКТЕСТЕР!
Есепті жыл ел аумағында және жаһандық деңгейдегі түрлі болжанбаған жағдайлардың болуына қарамастан ҚМГ-нің бірқатар оң жетістіктерімен ерекшеленді. Компания табысты өндірістік және коммерциялық қызмет, әлеуметтік жауапкершілік пен экологиялық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, негізгі қызмет салаларында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді.
Көптен күткен тарихи оқиғалардың бірі – компания акцияларын алғаш рет жергілікті биржаларға орналастыру және оның жария мәртебеге ие болуы. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік активтерді жекешелендіру және ұлттық компанияларды IPO-ға шығару туралы бірнеше мәрте айтқан болатын. Қазақстан қор нарығының тарихында ҚМГ акцияларының алғашқы жария ұсынысы ауқымы мен саны және басқа да көрсеткіштері бойынша ең ірі жергілікті IPO болды. Нарыққа ұсынылған бағалы қағаздар көлемі 154 млрд теңгені немесе Компанияның 3% акциясын құрады, соның ішінде жеке тұлғалардың үлесі 52% асты. Жалпы ҚМГ IPO-сын алғашқы «цифрлық» IPO деп айтуға болады, себебі өтінімдердің шамамен 99% екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беріліп, қабылданды.
ҚМГ көмірсутекті барлау мен өндіруден бастап тасымалдау мен өңдеуге дейінгі барлық бизнес бағыттары бойынша өндірістік көрсеткіштердің оң динамикасына қол жеткізе алды. ҚМГ-нің қазақстандық МӨЗ-дердің өңдеу көлеміндегі үлесі 14,3 млн тоннаға жеткенін ерекше айта кету керек. Бұл тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы рекордтық көрсеткіш деп айтар едім.
Сонымен қатар мұнайға халықаралық бағаның көтерілуімен бірге өндірістік көрсеткіштердің жақсаруы біздің қаржылық нәтижелерде де көрініс тапты. 2022 жылдың қорытындысы бойынша кіріс 2021 жылмен салыстырғанда 24,3% артып, 18,8 млрд АҚШ долларына жетті. Ал EBITDA көрсеткіші 16,4% ұлғайып, 5,5 млрд АҚШ долларын құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 2022 жылғы маусымында 200 млрд теңге дивиденд төленді. Бұл рекордтық көрсеткіш.
Компания 2022 жылы «Самұрық-Қазына» қорынан 3,8 млрд АҚШ долларына ҚМГ Қашаған Б.В. компаниясының 50% акциясын сатып алу жөніндегі стратегиялық мәміле жасау арқылы ірі мұнай өндіруші ретіндегі өз позициясын күшейтті. Нәтижесінде Қашаған мега жобасына ҚМГ қатысу үлесі 8,44%-дан 16,88%-ға дейін ұлғайды, бұл өз кезегінде компанияның 2P қорларын 9,8%-ға 707 млн тонна м.э. (5,5 млрд баррель м.э.) дейін арттыруға ықпал етті. Сондай-ақ Standard&Poor’s халықаралық рейтингтік агенттігі осы мәміле аяқталғаннан кейін компанияның рейтингін бірден «ВВ+» деңгейіне көтергенін атап өткім келеді.
Компанияның даму стратегиясын іске асырудың маңызды аспектісі «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС-на қарасты біріккен газ-химия кешенін іске қосу болды. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 500 мың тоннаға дейін дайын өнім шығару. Өндіріске шикізат ретінде Теңіз кен орнынан алынған, бірақ зиянды қоспалардан тазартылған пропан пайдаланылады. Бұл өз кезегінде экологияға тигізетін зиянды барынша азайтуды қамтамасыз етеді. Жобаның жалпы құны 2,6 млрд АҚШ долларын құрады. 2022 жылдың соңында өнімнің алғашқы партиясы экспортқа жөнелтіліп қойды.
ҚМГ – өңірлердегі ірі жұмыс беруші және салық төлеуші. Сондықтан да Компания өзінің әлеуметтік міндеттемелерін тиісінше орындауға айтарлықтай күш жұмсауды жалғастыруда. 2022 жылы ел бюджетіне төленген салық пен басқа да міндетті төлемдер көлемі рекордқа жетіп, 1 176 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 2023 жылы еншілес ұйымдардағы жұмыскерлердің еңбек және демалыс жағдайларын жақсарту мақсатында 40-тан астам әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылым объектілерін салу және 115 әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
ҚМГ экологиялық қауіпсіздікке және ауаға шығатын көміртегі ізін азайту бағыттарында жұмыстарға ерекше назар аударады. Осы бағытта Total Eren S.A. компаниясымен бірлесіп іске асырылатын Жамбыл облысындағы жалпы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станция құрылыс жобасын айта кетуге болады. Қазіргі уақытта ҚМГ аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуде. Болашақ станцияның қуаты елдегі барлық қолданыстағы ЖЭК нысандарының жалпы көлемінің жартысын құрайтын болады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы